Жоғары сынып оқушыларын жиі толғандыратын мәселелердің бірі – мамандық таңдау. Сондықтан «Кім боласың?» деген сұраққа әркім әртүрлі жауап береді. Көптеген оқушылар ата-анасы, туыстары, мұғалімдері қалаған мамандыққа баруды ұйғарады. «Диплом алып алайын, қалғанын көре жатармын» деп ойлайды. Дәл осылай ойлаған қаншама адам кейін мүлде басқа салада табысты жұмыс істеп жүр. Кейде ата-анасына ерегесіп, мамандық алмағандар да ақыл тоқтатқан кезде өкініп қалып жатады. Сонымен мамандықты қалай таңдау керек?
1. Алдымен елімізде бар мамандықтардың тізімін жасау қажет. Солардың ішінен ұнамайтындарын сызып тастаңыз. Өзіңізге ұнайтындарының біреуін таңдап, сол мамандық жайлы досыңызға жарнама жасап көріңіз. Мысалы, дәрігер, экономист, сатушы, т.б. Егер дұрыс, жан-жақты сипаттай алмасаңыз, онда бұл мамандық сізге ұнамайды деген сөз. Яғни, бұл әдіс аталған мамандықтың ұнайтын-ұнамайтынын анықтау үшін жасалынады. Осы мамандық бойынша жұмыс жасап жүргеніңізді толық елестетіңіз: • Ұнамсыз жақтарына көндігер ме едіңіз? Мәселен, жұмыстан кеш шаршап шығу, аз көлемдегі жалақы немесе жоғарғы жалақы, алайда үнемі іссапарда жүру керек, т.с.с. • Болашақ отбасыңыз бұған қалай қарар екен?
2. Сіздің хоббиіңіз қандай? Сіз оны мамандыққа айналдыра алар ма едіңіз? Оған деген сұранысты қалай арттыруға болады? Мысалы, сурет салуға икеміңіз болса, өзге суретшілерден озық тұру үшін, компьютерде салуға және балалар әдебиетін көркемдеуге үйреніңіз. Себебі балалар әдебиеті үнемі сұранысқа ие.
3. Сәнге айналған мамандыққа жүгірмеңіз. Мысалы, жас қыздардың көбі модель болуды армандайды. Бұл түсінікті де. Біріншіден, үнемі теледидардан көрсететіндіктен атақ-даңқы жайылады. Екіншіден, әдемі болып жүреді. Үшіншіден, дүниежүзін аралайды. Төртіншіден, жалақысы жоғары. Алайда бұл мамандықтың да өз қиыншылықтары бар.
4. Мамандықтың жаманы жоқ. Мысалы, сіздің ас пісіруге ебіңіз бар, тіпті ләззат аласыз. Алайда ата-анаңыз қарсы, олар баласының экономист болғанын қалайды. Дегенмен, осы салада білім алсаңыз, кейін мейрамхана ашуыңызға да болады.
5. Амал жоқтықтан таңдау. Мәселен, балыңыз жеткен оқу орнына бара саласыз. Бірақ өкінішке орай, осындай жолмен түскендер екінші, үшінші курстарда оқудан шығып кетіп жатады. Ал сіз мамандықты қалай таңдайсыз